Жезқазған қаласында өткен 24-тур ойынында «Атырау» футбол клубы жергілікті «Ұлытаудан» 5:1 есебімен басым түсті. Қарсылас алғашқы болып есеп ашқанымен, мұнайшылар жігер танытып, бес бірдей жауап қайырды.
Жайық жағасынан шыққан гол иелері – Ян Труфанов, Константин Дорофеев (дубль), Руслан Юденков пен Лука Згурский.
Осы жеңістің арқасында «Атырау» турнир кестесінде басты қарсыласы «Тураннан» 2 ұпайға озық тұр. Енді барлығы түркістандық клубтың астаналық «Жеңіспен» сырт алаңда өтетін кездесу нәтижесіне байланысты.
Айта кетерлігі, «Атырау» қатарынан алтыншы матчта жеңілмей келеді, ал соңғы екі ойында үздіксіз жеңіске жетіп отыр. Сондай-ақ, бұл – клубтың маусымдағы алғашқы ірі жеңісі әрі тарихтағы ең ірілерінің бірі.
Алдағы турларда мұнайшылар алдымен өз алаңында «Жеңісті», кейін сырт алаңда «Қызылжарды» қабылдайды.