Атырау Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда халықаралық «Atyrau CyberCup 2025» киберспорт турнирінің гранд-финалы өтуде

Атырауда халықаралық деңгейдегі киберспорт жарысы – «Atyrau CyberCup 2025» турнирінің гранд-финалы басталды. Шара Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, бас серіктес «Қазақтелеком» АҚ және Қазақстан киберспорт федерациясының ұйымдастыруымен өткізіліп жатыр.

«Atyrau CyberCup 2025» – Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің үздік ойыншыларын біріктірген киберспорт саласындағы маңызды турнир. Жарыстың мақсаты – IT-мәдениетті дамыту, цифрлық индустрияны ілгерілету және жастардың инновациялық әлеуетін арттыру.

Турнирге Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан ойыншылары қатысуда. LAN-форматта өтетін жарыс Dota 2 және Counter-Strike 2 атты екі негізгі дисциплина бойынша ұйымдастырылған.

Жалпы жүлде қоры 10 миллион теңге болатын бұл турнирдің онлайн іріктеу кезеңі 18–29 қыркүйек аралығында өтті. Ал бүгінгі гранд-финалда үздіктер анықталмақ.

Қазақстан киберспорт федерациясының менеджері Бейбарыс Серіков турнирдің маңыздылығын атап өтіп:

«Бұл дода арқылы Қазақстанды киберспорттың Орталық Азиядағы астанасы ретінде танытамыз. Мұнда жаңа жұлдыздар пайда болып, цифрлық спорттың жаңа тарихы жазылады», – деді.

Сондай-ақ, Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев шараның жастар үшін маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, турнир өңір жастарының киберспортқа деген қызығушылығын арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Ақтілек Базарбаева