Атырау Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті

Атырау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Таза жағалау» атты тазалық шарасы ұйымдастырылды. Шараны Атырау облысы бойынша Экология департаменті мен «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бірлесіп өткізді. Оған әзербайжан ұлт өкілдері мен “GPC Investment” компаниясының қызметкерлері белсене қатысты.

Акция барысында қатысушылар «Атырау» шағынауданындағы Жайық өзенінің бойын қоқыстан тазартып, өзен маңындағы экологиялық жағдайды жақсартуға үлес қосты.

Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіповтың айтуынша, мұндай шаралардың басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау мен табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру.

– Таза орта – салауатты өмір кепілі. Әр тұрғын туған жердің экологиясына немқұрайлы қарамаса, қоршаған ортамыз да таза әрі әсем болады, – деді ол.

Биылдың өзінде облыс бойынша өткен экологиялық акцияларға 8 мыңға жуық адам қатысып, нәтижесінде 20 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.Тек бүгіннің өзінде өңір бойынша 15 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Табиғатты қорғауға бағытталған мұндай игі бастамалар өңірде тұрақты түрде жалғасып келеді.

Ақтілек Базарбаева