Атырауда өткен қайырымдылық аукционында ерекше оқиға орын алды. Белгілі спортшы, Алматының «Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбековтың қолтаңбасы қойылған доп 12 миллион теңгеге сатылды. Бұл лотқа қатысушылардың қызығушылығы жоғары болып, қысқа уақыт ішінде баға бірнеше есеге өсіп, ақыры рекордтық сомаға сатылды. Түскен қаражат мұқтаж отбасыға баспана сатып алуға бағытталмақ.
Қайырымдылық жобасының бастамашысы – «Асар-Уме» қоры. Соңғы уақытта бұл қор Атырау облысында көптеген ізгі істерге ұйытқы болып жүр. Бұған дейін ұйым көру қабілеті бойынша мүгедектігі бар Феруза Жембаеваға үй алып беру мақсатында 13 миллион теңге жинаған еді.
Қор өкілдерінің айтуынша, мұқтаж жандарға көмек көрсету бастамасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Ал допты сатып алған жомарт жанның есімі жақын күндері жарияланатын болады.
Ақтілек Базарбаева