Атырау қаласының дәл ортасында орналасқан Успенский соборы — жай ғана архитектуралық нысан емес. Бұл ғимарат — христиан қауымының ғасырлар бойғы сенімі мен рухани төзімінің айқын көрінісі. Кеңес дәуірінде жүздеген шіркеу жойылып, діни нысандардың тағдыры қыл үстінде тұрған шақта, Атырауда бір ғана храм аман қалды. Ол — Успенский соборы.
Успенский соборы XIX ғасырдың соңында, нақтырақ айтқанда 1888 жылы тұрғызылған. Сол уақыттан бастап ол жергілікті христиан қауымы үшін рухани тірекке айналып, діни өмірдің маңызды орталығы болды. Ғибадатхана қала тарихымен біте қайнасып, бірнеше дәуірдің сындарынан өтті.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін дінге қатаң тыйым салынды. 1920-жылдардың басында Успенский соборы да жабылып, оның ішіндегі иконалар мен қасиетті бұйымдар жойылды немесе қарапайым тұрғындар тарапынан жасырын сақталды. Бұл кезең храм тарихындағы ең ауыр уақыттардың бірі болды.
Алайда Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жағдай өзгерді. Мемлекет дінге деген көзқарасын жұмсартып, бірқатар ғибадатханалар қайта ашылды. Сол кезде Успенский соборы да христиандар үшін рухани тірекке айналып, қызметін қайта бастады. Ол Кеңес Одағы аумағында қайта жұмыс істеген алдыңғы қатарлы 10 000 діни нысанның қатарына енді.
XX ғасырдың соңына қарай собордың техникалық жағдайы күрт нашарлады. Ғимаратты сақтау мәселесі күн тәртібіне шықты. 2000 жылы ауқымды реставрация жұмыстары жүргізіліп, іргетасы бекітілді, фасады мен күмбездері толық жөнделді. Ең бастысы — храмның тарихи келбеті сақталып қалды.
Бүгінде Успенский соборы — Атырау қаласындағы ең көне әрі ең көрнекті діни нысандардың бірі. Ол тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар христиан қауымының шоғырлану орны, діни қызметтер тұрақты түрде өтетін, әлемдік православиелік дәстүрлерді ұстанатын қасиетті мекен.
Ғасырлар бойы түрлі сынақтан өткен бұл храм Атыраудың рухани тарихының ажырамас бөлігі болып қала береді. Егер қаланың өткені мен бүгінін байланыстыратын нысан бар десек, Успенский соборы — соның айқын дәлелі.
Ақкүн Серікқызы