Атырау Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Дамбы ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

Атырау қаласына қарасты Дамбы ауылында көптен күткен маңызды нысан – жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. 200 орындық зәулім ғимараттың ашылу салтанатына Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.

Жаңа мәдениет үйі – тек архитектуралық нысан ғана емес, ауыл өміріне жан бітіретін, өнер мен білімнің тоғысар орны. Ғимаратта кең акт залы, заманауи кітапхана, шығармашылық үйірмелерге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған. Сонымен қатар, ауласы толық абаттандырылып, заманауи талаптарға сай безендірілген.

– Бұрынғы мәдениет үйі Кеңес кезеңінен қалған, ескірген ғимарат болатын. Қазіргі таңда тұрғындарға заманауи, ыңғайлы әрі шабыт беретін орта қажет. Бұл мәдениет үйі ауыл жастарына өз талантын дамытуға, ал өнерпаздарға шығармашылығын шыңдауға үлкен мүмкіндік береді. Ауыл мен қалада инфрақұрылым тең дамуы тиіс. Өркениеттің бастауы – мәдениеттен, – деді Шәкір Кейкін өз сөзінде.

Айта кетейік, дәл осындай мәдениет үйі жақын күндері Алмалы ауылында да есік ашады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Атырауда 200,  Тасқала ауылында 300 орындық мәдениет нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Ақкүн Серікқызы